Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандарттарын енгізу туралы

Похожее изображение

Бүгін Мәжілісте «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдау өтіп жатыр, деп хабарлайды «Қазақ үні».

Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарланды.

«Парламенттік тыңдауға Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин, Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев, Сенат және Мәжіліс депутаттары мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысады деп күтілуде. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның жұмыс тобының ұсыныстарын талқылау қарастырылады», – делінген хабарламада.

Талқылауға сондай-ақ, әліпби жобасын әзірлеуші А. Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының және Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылым және мәдениет қайраткерлері, ғалымдар мен сарапшылар, оның ішінде шетелдіктер, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылды.

Парламенттің тыңдау қорытындысы бойынша тиісті ұсынымдар қабылданбақ.

 

 

 

Қай халықтың болса да рухани мұрасының хатқа түсуінің, яғни сол халықтың жазба мәдениетінің тарихы бар. Қазақ халқы да өз тарихында осындай жазбалық мәдениеттің әр алуан сатыларынан өтті. Қазіргі кезең  бізге әліпби мәселесін күн тәртібіне енгізуде. Оны Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты», — деді [1].  

Қазақ әліпбиінің латын графикасындағы нұсқасын дайындау бойынша әртүрлі сала мамандарынан, мекемелерден көптеген  ұсыныстар болды. Мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиінің нұсқасын таңдауда, ең алдымен, ғылыми принциптер негізге алынды. Соның нәтижесінде қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне, жалпы әліпби түзудің теориясы мен практикасына құрылған нұсқа ретінде осы әліпби сіздерге ұсынылып отыр. Бұл нұсқаның ерекшеліктері баяндамада көрініс табатын болады.

Жаңа жазу нұсқасын қабылдау, әлбетте, бір таңбаларды екінші таңбалармен ғана ауыстыру емес, ол – бұрынғы әліпбилерде жіберілген емлеге қатысты жаңсақ жазуды дұрыстау. Осы реттен келгенде, әліпби жасау және оны енгізумен бірге жаңа жазу ережелері де қабылдануы тиіс деп ойлаймыз.

Сіздерге таныстырылатын нұсқада латынның төл таңбалары ғана алынды. Оның лингвистикалық та, қоғамдық та маңызы ерекше. Себебі латын әріптеріне әртүрлі диакритикалар қою біріншіден, мұндай нұсқаны латын әліпбиі емес, әртүрлі қоспа таңбалардың нұсқасы етеді.

Екіншіден, ең бастысы диакритикалар төл дыбыстарымызды сақтауға толық мүмкіндік пен кепілдік бермейді. Себебі мобильді телефондар, смартфондар, планшеттер, ноутбуктар, компьютерлер бүгінде жазудың құралына айналғанда және олар бізге әлемнің түкпір-түкпірінен келетіндіктен, олардың пернетақтасында 26 таңбадан тұратын латын таңбалары ғана орналастырылады. Пайдаланушылар осы бар таңбаларды ғана қолданады. Егер біз латын графикасындағы жаңа әліпбиге диакритикалы таңбаларды енгізетін болсақ, онда көпшілік көп қолданбағандықтан, қазақтың төл дыбыстарын жоғалтып алуымыз мүмкін. Қазірдің өзінде Ә-ні  А-мен алмастыру, Қ-ны К-мен алмастыру, сол сияқты Ғ, Ң, Ө, Ұ, Ү, І дыбыстарын жазбау, әсіресе, жастардың арасында жиі байқалады.

Үшіншіден, әліпбиімізді латын графикасына  негіздеуіміздің үлкен себебі – халықаралық ақпараттық жүйеге ену, әлемдік технологияны игеру екенін Елбасы айтқан болатын. Ендеше, егер әлемнің жетекші елдері қолданатын классикалық латын әліпбиінің дыбыстарына әртүрлі диакритикалар қоятын болсақ, онда біз жоғарыда айтқан мақсатқа толық жете алмаймыз.

Төртіншіден,  диграфтарды қолдану арқылы біз сол дыбыстың төл табиғатын сақтаймыз. Ал кейбір әріптестер ұсынып жүрген диакритикалар арқылы ажырату ол дыбыстың табиғатын емес, өзара ұқсас әріптің тек шартты таңбалық суретін ғана береді.

Бесіншіден,  бір дыбысты екі таңбамен беретін диграфтар латынның төл таңбалары болса, ал ноқаттар арқылы берілетін диакритикалар –  кейін пайда болған жасанды таңбалар.

Осы жобаны жүзеге асыру барысында, ең алдымен, қазақ тілінің дыбыстық жүйесі ескерілді. Соның нәтижесінде 25 таңбадан тұратын әліпби ұсынылады:

Латын таңбасы Кирилл таңбасы
1 Aa Аа
2 Bb Бб
3 Cc Цц
4 Dd Дд
5 Ee Ее
6 Ff Фф
7 Gg Гг
8 Hh Хх/Һһ
9 Ii Іі / Ии
10 Jj Йй
11 Kk Кк
12 Ll Лл
13 Mm Мм
14 Nn Нн
15 Oo Оо
16 Pp Пп
17 Qq Ққ
18 Rr Рр
19 Ss Сс
20 Tt Тт
21 Uu Ұұ
22 Vv Вв
23 Ww Уу
24 Yy Ыы
25 Zz Зз

 

 

Латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиін жасауда «бір әріп – бір дыбыс, бір әріп – екі дыбыс және бір дыбыс – диграф жүйесі» принципі негізге алынды.

Латын графикасына негізделген 25 таңбалы әліпбиге қосымша қазақ тілінің дыбыстық жүйесін толығымен қамту үшін 8 дыбысты таңбалайтын  8 диграфты ұсындық:

 

Латын таңбасы Дыбысталуы Транскрипциясы Мысалы
1 Ae / ае Әә [ ә] [æ] aelem
2 Oе / oе Өө [ ө] oerken
3 Ue / ue Үү [ ү] uekimet

                                                                                        

Қазақтың 3 жіңішке дауысты ә, ө, ү  фонемалары диграфтармен таңбаланады. Е дыбысы а, о, ұ жуан дыбыстарымен байланысқанда ә, ө, ү дыбыстарын береді.

Ә дыбысы ае диграфымен беріледі. Себебі а дауысты дыбысының жіңішке сыңары ә болуына байланысты а-ға жіңішке е дыбысын қосып, ае диграфын ұсынамыз. Ә дыбысын осылайша диграфпен беру көптеген тілдерде және халықаралық фонетикалық әліпбиде бар. Сондықтан е-ні дауысты дыбыстарды диграфтар арқылы берудің принципі ретінде алдық.

— Ө дыбысы ое диграфымен беріледі. О дыбысының жіңішке сыңары ө дыбысын беру үшін оған е әрпін жалғаймыз. Бұл жоғарыдағы принцип бойынша жасалған.

— Ү дыбысы ue диграфымен беріледі. Ұ дыбысына е әрпін қосып, ұ дыбысының жіңішке сыңары ү дыбысын (ue) шығарамыз. Бұл диграфтың жасалуы да сол принцип негізінде.

Ң дыбысы ng  (эн джи) диграфымен беріледі. Осындай диграф бірнеше тілдерде бар.

Латын таңбасы

Дыбысталуы

Транскрипциясы

Мысалы

4

Ng / ng

Ңң

[ ың]

tangba

Ғ дыбысы gh (джи аш) диграфымен беріледі.  Ғ дыбысының жіңішке сыңары г екені белгілі. Оның осы сыңарына һ (аш) таңбасын қосып, gh (джи аш) диграфын бердік. Әліпбидің осы нұсқасында дауысты дыбыстар е дыбысының қосындысы арқылы берілсе, дауыссыз дыбыстар һ (аш) дыбысының біріктірілуі арқылы ұсынылады.

Ч дыбысы сh (си аш) диграфымен беріледі. Ч түркі тілдеріндегі байырғы дыбыс. Сөздік қорымызда ч дыбысы қолданылатын кірме сөздер де баршылық.

Ш дыбысы sh (эс аш) диграфымен беріледі. Бұл диграф ш дыбысын береді. Латынның s (эс)  және h (аш) әріптері арқылы жасалған. Ол өздеріңізге белгілі, көптеген тілдерде кеңінен қолданылады.

Ж дыбысы zh (Зет аш) диграфымен беріледі. Ж дыбысын латын графикасының z (зет) және h (аш) таңбалары арқылы көрсеттік. Бұл дыбыс қазақ тіліндегі ж дыбысына сәйкес келеді және қоғамдық санаға енген таңбалау реті.

Латын таңбасы

Дыбысталуы

Транскрипциясы

Мысалы

5

  Gh / gh

Ғғ

[ ғы]

ghylym

6

  Ch / ch

Чч

[ чы]

chempion

7

  Sh / sh

Шш

[ шы]

shyndyq

8

  Zh / zh

Жж

[ жы]

zhazw

Жалпы әліпбиде диграфтар беру жазудың көлемін арттырып жібереді және бұл тиімсіз дейтін пікірлер де бар. Осы диграфтардың қолданылу жиілігіне келсек, олардың сондай үлкен мәселе емес екенін байқар едік. Мысалы олардың әр стильдегі мәтіндерде қолданылуын алсақ, онда  ә (ае) – нөл бүтін жүзден сексен сегіз пайыз;  ө (ое) – нөл бүтін жүзден сексен тоғыз пайыз; ү (ue) нөл бүтін жүзден алпыс тоғыз пайыз; ң (ng) – бір бүтін жүзден елу бес пайыз; ғ (gh) – бір бүтін жүзден елу төрт пайыз;
ч (ch) – нөл бүтін жүзден үш пайыз; ш (sh) – бір бүтін жүзден жиырма бес пайыз;  ж (zh) – бір бүтін жүзден сексен бір пайыз ғана екен. Олардың жалпы қолдануының орташа мөлшері: бір бүтін жүзден сегіз пайыз ғана [2].

Әліпбидің осы нұсқасына байланысты туындайтын және бір мәселе, біздің ойымызша, ц, ф, в сияқты қазақ тілінің дыбыстық жүйесінде жоқ  дыбыстардың әліпбиден орын алуына байланысты. Бұлар біздің төл дыбыстарымыз болмағанымен, осы дыбыстар кездесетін сөздер қазіргі қазақ тілінің қорынан орын алған. 1920 жылдары Қазақстанда әліпби тақырыбы көтерілгенде, жат дыбыстар жөнінде де пікірталастар болған. Ахмет Байтұрсынұлының әліпбиге байланысты еңбектерін мұқият оқысақ, біз Алаш зиялыларының кейбір кірме дыбыстардың қазақ әліпбиінен орын алуын жақтағанын да көреміз. Мысалы, Білімпаздар сиезінде Ахмет Байтұрсынұлы: «…қазақ тілінде сақталуға аз да болса ақысы бар «һ» ; өйткені «һ» дыбысымен айтылатын қазақтың өз тілінде аз да болса, сөздер бар» – дейді [3]. Яғни ол әліпби принципінде сол кездегі тілдік қордағы сөздердің де маңызына мән берген. Осындай ғылыми  принциптен шығып, біз  әліпби нұсқасында ондай дыбыстарға да орын бердік. Ал қазіргі ғылым мен технологияның дәуірінде біз осы дыбыстар кездесетін мыңдаған сөздерді алып тастай алмаймыз немесе оларды өз әріптерімізге ауыстырсақ, оны қолданатын миллиондаған халықтың қарсылығы мен түсініспеушілігіне кезігеміз.

Енді осы дыбыстардың қолдануына келейік. В әрпі кездесетін сөздер саны – 755, ф әрпі кездесетін сөздер саны – 1098, құрамында ц әрпі кездесетін сөздер – 520. Орфографиялық сөздіктегі в, ф, ц дыбыстары кездесетін сөздердің жалпы саны – 2373.  Бұл тек аталған сөздік бойынша ғана. Егер 30  томдық салалық сөздікті сараптар болсақ, осы әріптер кездесетін сөздер еселене түсері сөзсіз.

Осы жаңа әліпби нұсқасы негізінде Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталық  қызметкерлері және сырттан шақырылған тұрғындар арасында бірнеше рет апробация жүргізілді.  Оған қатысушылардың көпшілігі осы нұсқаға қолдау білдірді. Латын әліпбиіне еліміздегі көптеген азаматтардың, әсіресе, жастардың көздері үйренген, яғни белгілі бір деңгейде көбіміздің көздағдымыз қалыптасқан. Ал жазу дағдысының қалыптасуы уақыттың еншісінде. Мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиінің енгізілуі  кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, демек Қазақстан азаматтарының жаңа әліпбиін игеріп кетеріне сенім мол.